Меню KDT
МЕНЮ

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған конференция!



     2015жылы Керей мен Жәнібек хандардың Шу мен Талас өзендерінің арасындағы  аймаққа орналасып, Қазақ хандығының негізін қалағанына 550 жыл толады. Бұл айтулы мерейтой бүгінгі күні елімізде түрлі іс-шаралармен аталып өтуде. Мемлекетігіміздің бастау бұлағы болған, мерекені атап өту – бүгінгі ұрпақтың бабалар ерлігіне көрсеткен зор құрметі, ел мен жер алдындағы қасиетті парызы болып саналады. Осыған орай, №64 мектеп-лицейде 2015 жылының 13 наурызында, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған  қалалық іс – шаралар аясында «Қазақ мемлекеті: кеше, бүгін, ертең» атты ғылыми практикалық  конференция болып өтті. Конференцияға  Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Ә.Т.Бимендина қатысып, мектеп оқушылары мен ұстаздарын мемлекеттік мерекемен құттықтады, бүгінгі Қазақстанның болашағы – білімді жастардың қолында деп, оқушыларды бабалар аманатына адал болуға шақырды. Іс-шара 3 бөлімнен тұрып, Қазақ елінің өткені, бүгіні және болашағы туралы сыр шертті.
  Бірінші бөлімде  атадан мұра болып келе жатқан құндылықты құрметтеу, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында, тарих беттеріне шолу жасалынып, мектептің «Жас актер» үйірмесі оқушыларының күшімен әзірленген қазақтың соңғы ханы – Кенесарының соңғы көші бейнеленген көрініспен басталды.   
Екінші бөлімде оқушылар мен ұстаз-ғалымдар «Қазақ халқы тәуелсіздік жолында» тақырыбы бойынша ізденіс жұмыстарын ортаға салды. Конференцияға арнайы шақырылған қонақтар Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің археология және этнология кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты, доцент  Ұ.Ү.Үмітқалиев  «Қазақстандағы «Алтын адамдар» тақырыбында жасаған баяндамасында оқушыларға қазақ жеріндегі археологиялық қазбалар оның ішінде «Алтын адам» жайында тереңірек жеткізді. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің археология және этнология кафедрасының  оқытушысы Қ.Қ. Рахымжанов «Қазақ хандығы заманындағы әдет-ғұрыптық заңдардың қызметі» баяндамасында Қазақ хандығы кезіндегі әдеп-ғұрыптар заңдылықтарын таратып айтты. Ал  мектепте зерттеу жұмыстарын жасап жүрген 9 «б»  сынып оқушысы Қабдұш Баянсұлу Конститутцияның 20 жылдығына орай «Ата заңымыз – демократиялық қоғамның кепілі» тақырыбында, 10 «м» сынып оқушысы Құралов Шыңғыс «Болашақтың іргетасы –  «ЭКСПО-2017», 9 «б»  сынып оқушысы Ахметова Жібек «Ассамблея – халықтар достастығының кепілі» тақырыбында өз жұмыстарын ұсынды. Үшінші бөлім «Мәңгілік ел»  әдеби-музыкалық композициясымен жалғасты. Іс-шара Қазақстанның болашағы – бүгінгі жас ұландардың бақытын паш ететін мерекелік өнер шашуына ұласты. Лицей өрендері өздерінің шуақты әнімен, түрлі ұлттың билерімен қатысушыларға үлкен қуаныш сыйлады. Ел тарихын ұлықтау мен құрметтеудің бір үлгісі болған шара көпшіліктің көңілінен шықты.

16.03.15