Меню KDT
МЕНЮ
logo.jpg

АСТАНА ҚАЛАСЫ №64 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНЕ ҚОШ КЕЛДІҢІЗДЕР! 

МЕКТЕП МИССИЯСЫ: 
БҮГІНГІ КҮНМЕН ӨМІР СҮРІП, БОЛАШАҚТЫ ҚАМДАЙМЫЗ
«Ерікті зейнетақы жарналары»
 
Бүгінде Қазақстанның зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұратыны белгілі. Оның құрамындағы ортақ және жинақтаушы зейнетақы құрамдауыштары  өзара оңтайлы үйлестірілген.
 
Бірінші деңгей – бұл ортақ зейнетақы жүйесі. Онда зейнетақы төлемдері мемлекеттік бюджеттен жұмыс істеуші азаматтардың салық аударымдары және басқа да түсімдер есебінен жүзеге асырылады. Бұл зейнетақы екі құрамдауыштан тұрады. Бірі – мемлекеттік базалық зейнетақы. Ол барлық зейнеткерге еңбек өтіліне немесе айлық табысына қарамастан өмір бойына тағайындалады. Екіншісі – еңбек өтіліне қарай төленетін жасына байланысты зейнетақы. Мұнда 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі ескеріледі. Бұл ретте еңбек өтілі алты айдан кем болмауы тиіс.    
 
Екінші деңгей – міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі. Мұнда Қазақстан азаматтарының, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың айлық табысының 10 пайызы міндетті зейнетақы жарнасы ретінде зейнетақы Қорына аударылады. Бұдан басқа, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер зиянды (аса зиянды) жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына өз қаражатынан жалақының 5 пайызын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы ретінде аударуға міндеттенді.  
Бұл ретте зиянды өндірістер мен жұмыстардың тізімін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2020 жылдан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі. Сәйкесінше Қазақстандағы барлық жұмыс берушілер (олардың ішінде зиянды (аса зиянды) жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына өз қаражатынан жалақының 5 пайызын аударатын жұмыс берушілер де бар) еңбек жағдайына қарамастан өз қаражаты есебінен қызметкерлерінің пайдасына жалақының 5 пайызын зейнетақы Қорына аударады.  
Үшінші деңгей – ерікті зейнетақы жарналарына (ЕЗЖ) негізделген жинақтаушы жүйе. ЕЗЖ мөлшерлемесі, оларды зейнетақы Қорына аудару және зейнетақы төлемдері ретінде төлеу ЕЗЖ есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келiсуi бойынша белгiленедi.
Сонау 1952 жылы қабылданған, Халықаралық еңбек ұйымының «Ең төменгі әлеуметтік қамсыздандыру нормалары туралы» Конвенциясына сәйкес орнын басу коэффициенті 40 пайызға тең болуы тиіс. Яғни, зейнетақы мөлшері жұмыскер жалақысының кем дегенде 40 пайызын құруы керек.   
 
Алайда зейнеткерлікке шыққандардың барлығының бірдей зейнетақысы жоғалтқан жалақыларының 40 пайызына жете бермейді. Бұған зейнеткердің зейнет жасына дейінгі жалақысының төмен болуы, жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілінің аздығы, зейнетақы жарналарының тұрақсыз аударылуы және басқа да факторлар әсер етуі мүмкін.
 
Бірақ, осы жәйттерге қарамастан, қалайша лайықты зейнетақы алуға болады? Бұл мәселені шешудің бір жолы – ерікті зейнетақы жарналарын төлеу.
 
Ерікті зейнетақы жарналары – бұл, салымшының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өз еркімен аударатын ақшасы. Бұл ретте салымшы жарнаның сомасын өзі белгілейді және оны өзінің атына ғана емес, туған-туыстарының атына да аудара алады.  
Заңды тұлғалар да жеке тұлғаның пайдасына ерікті зейнетақы жарналарының салымшылары болуға құқылы. Мысалы, жұмыс беруші осылайша қызметкерлерінің жұмысқа деген ынтасын арттыруға әрекет жасауы мүмкін. Ерікті зейнетақы жарналары ерікті түрде жүзеге асырылады. Бұл үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен шарт жасалады.
Шартта жалақы мөлшерін немесе жалақының Қорға аударылатын пайызын көрсетудің қажеті жоқ. Өйткені, ерікті зейнетақы жарналарының сомасы салымшының мүмкіндігі мен ықыласына қарай ай сайын өзгеруі мүмкін.
2017 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша БЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жарналары есебінен барлығы 39,2 мың шот ашылған. Олардағы жинақтардың жалпы сомасы 1,7 млрд. теңгені құрайды.  
Ерікті жарналар да басқа зейнетақы жарналарымен қатар әр түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады, сәйкесінше оларға да күн сайын инвестициялық табыс есептеледі. Ерікті жарналар есебінен құралған зейнетақы жинағының басқа зейнетақы жинақтарынан айырмашылығы сол, оны зейнеткерлік жасқа толмай жатып алуға болады.
Нақты айтар болсақ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:
1) елу жасқа толған;
2) мүгедек болып табылатын;
3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған адамдар ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқылы.
Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.
Әлемдік тәжірибелерді зерделей келе, БЖЗҚ қазіргі таңда ерікті зейнетақы жарналары сынды болашаққа қаражат жинау құралын белсенді түрде пайдалану мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қор мамандарының есептеуінше, аз мөлшерде тұрақсыз аударылған ерікті жарналары есебінен құралған зейнетақы жинағы зейнеткердің берекелі тіршілігін қамтамасыз етуге елеулі түрде септігін тигізеді.
 
 
 «БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы


 

«Жұмыс берушінің жауапкершілігі»

 

Еңбек жолын жаңадан бастап келе жатқан жас мамандардың көпшілігі зейнетақыға қатысты мәселеге бас қатырып жатпайтыны рас. Бұл туралы сұрай қалсаң: «Қайдағы зейнетақы, не айтып тұрсыз?», - дейтіні сөзсіз. Өйткені олар үшін бүкіл өмір алда ғой!

Бірақ, өмір заңы бар емес пе, аға ұрпақ секілді біз де өсеміз, есейеміз және қартаямыз.

Иә, мойын бұрып қарағанша, қамшының сабындай өмірде зейнеткерлік жасқа жетіп қалғаныңды білмей де қаласың... 

Бәрін айт та бірін айт, қазіргі таңда азаматтар болашақ зейнетақысы туралы жас кезінен бастап ойлануы керек. Бұл заман талабы.  

Дегенмен бұл туралы қоғамда әр түрлі пікірлер бар. Біреулер: «Мені үкімет асырайды, далада қалдырмайды», - деп ойласа, басқалар: «Дүниені балаларыңа жина, солардың біліміне жұмса. Сонда олар жақсы білім алады, жақсы қызметке тұрады. Сөйтіп ата-анасын да асырай алады», - дейді.   

Ал енді біреулер тек өзіне ғана сенеді, жалақыларын конвертсіз, ашық түрде алады. Міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты түрде төлейді. Тіпті ерікті зейнетақы жарналарын да төлеуді ойластырады.   

Қазіргі таңда зейнетақы жүйесінің құрылымы үш мүдделі тарапты – мемлекетті, жұмыс берушіні және жұмыскерді біріктіреді.    

Мемлекет зейнетақы жүйесін реформалап, оған жинақтаушы құрамдауышты қоса отырып, азаматтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға шақырады.  

Бұл жүйеде салымшы өзінің бүкіл еңбек жолында міндетті зейнетақы жарналары есебінен қанша қаржы жинаса, зейнеткерлік жасқа толғанда сонша қаржы алады. Бұл ретте оның жинағына зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңі бойынша инвестициялық табыс есептеліп отырады. Егер зейнетақы жинағының жалпы сомасы инфляция деңгейінен төмен болатын болса айырма сомасы республикалық бюджеттен біржолғы төлем ретінде зейнеткерлік жасқа толған алушының банк шотына аударылады.     

Бұл ретте қаржы жинақтауда салымшыға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Егер ол ресми түрде жұмыс істеп, міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұратын болса, онда оның зейнетақы төлемдерінің мөлшері біріншіден:

1) оның зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына;

2) жүйеге енгізілген зейнетақы жарналарының саны мен сомасына; 3) жинақталған инвестициялық табысқа және

4) айлық табыстың өсу қарқынына тәуелді болады.  

Мемлекет ешкімді ескерусіз қалдырмайды. Керісінше олардың қамын ойлайды. Яғни, республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады және инфляция деңгейін ескере отырып зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді.

Сонымен қатар жұмыс берушіге де үлкен жауапкершілік жүктелген. Ол міндетті зейнетақы жарналарын дер кезінде және толық көлемде аударып отыруы тиіс. Ал 2020 жылдан бастап өз қаражаты есебінен жұмыскерінің пайдасына жалақысының 5 пайызын оның шартты зейнетақы шотына аударуға міндеттенеді.   

«Қазақстан Республикасында зейнетақмен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес жұмыс берушілер салымшының зейнетақы шотына міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады. Міндетті зейнетақы жарналары жұмыскердің айлық табысының 10 пайызын құрайды. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды және оларды жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына төлейді. Міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және аудару тәртібі мен мерзімі жоғарыда аталған Заңмен реттеледі. 

МЗЖ және МКЗЖ дер кезінде төлеу – жұмыс берушінің өз жұмыскерлері үшін әлеуметтік жауапкершілігі ғана емес, сонымен қатар заңнама талабы.

Жұмыс берушілер уақтылы ұстап қалмаған (есебіне жазбаған) және (немесе) аудармаған МЗЖ және МКЗЖ сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе оларды мерзімін өткізіп алған әрбір күнге (Мемлекеттік корпорацияға төлейтін күнді қоса алғанда) қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде есебіне жазылған өсімпұлмен бірге жұмыскерлерінің пайдасына агенттер аударуға тиіс.

Сондықтан БЖЗҚ азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының жай-күйін және жұмыс беруші аударатын жарналардың дер кезінде, тұрақты және толыққанды аударылуын жеке зейнетақы шотынан алынатын үзінді-көшірме арқылы бақылап отыруға кеңес береді.

Үзінді-көшірмені алудың бірнеше тәсілі бар. Олар:

Қор кеңсесіне өзі келу, электрондық және дәстүрлі пошта байланысы, Қордың сайты немесе «ENPF» ұялы қосымшасы, сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен egov.kz электрондық үкіметі арқылы алу.   

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне шартты-жинақтаушы құрамдауыш, яғни жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі. Бұл үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жұмыскерлердің атына  шартты зейнетақы шоттары ашылады. Оларға барлық жұмыс берушілер еңбек жағдайына қарамастан өз қаражаты есебінен жұмыскерлерінің пайдасына олардың айлық табысының 5 пайызын жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары ретінде аударатын болады. Бұл жарналардың артықшылығы сол, шартты зейнетақы шотындағы қаржы таусылып қалса да, бұл жарналардың есебінен зейнетақы төлемдері зейнеткерге өмір бойына төленеді. Бірақ, бұл үшін шартты зейнетақы шотына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары 5 жыл, яғни кемінде 60 ай тұрақты түрде аударылуы тиіс. Шартты зейнетақы шотына аударылатын жарналар жыл сайын капиталданады және қаржы құралдарына инвестицияланады.

Алғашқы жарналар 2020 жылдан бастап енгізіле бастайды. Ал алғашқы төлемдер сәйкесінше 2025 жылдан бастап төленеді.

Егер міндетті зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке зейнетақы шоттарына кәдімгі ақшалай қаражат жинақталатын болса, шартты зейнетақы шоттарына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары тек белгіленіп отырады, яғни тіркеледі. Бұл шоттағы зейнетақы жинақтары жұмыскердің меншігі болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды: егер салымшы (алушы) жүйеден шығатын болса оның шартты зейнетақы шотындағы қаражат басқа қатысушылар арасында үлестірілетін болады. 

Осылайша, зейнетақы жүйесінің бұл құрамдауышы ортақ және жинақтаушы жүйенің артықшылықтарын қамтиды.    

Сәйкесінше бизнестің өз жұмыскерлері үшін әлеуметтік жауапкершілігі арта түседі. Ал бұл, бүкіләлемдік үрдіс.  

 

 

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

 

 

 

«Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік берілген»

 

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша бірегей мемлекеттік кепілдік моделі жұмыс істейді. Осы моделге сәйкес «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 5-бабы негізінде зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған шақта инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) жеке зейнетақы шотында жатқан зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма төлемі есептеледі.    

 

Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін:

- зейнеткерлік жасқа жеткен тұлғалар;

- мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген I және II топтағы мүгедектер;

- Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар алуға құқылы.

Айырма төлемін алуға құқығы бар адам қайтыс болған жағдайда, бұл төлем ҚР Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіпте мұрагерге төленеді.   

 

Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма сомасын есептеу және төлеуді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (КЕАҚ) филиалы (бұрынғы Зейнетақы төлемдері жөніндегі мемлекеттік орталық) жүзеге асырады. Зейнетақы жинақтары бойынша бір жолғы төлемді алу үшін осы ұйымға жүгініп, тиісті өтінішті толтыру қажет.

 

Айырманы төлеу туралы өтініш қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға жеке зейнетақы шотының болуы және МЗЖ мен МКЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының сомалары туралы мәліметтерді ұсыну жөнінде хабарлама жіберіледі. Өз кезегінде БЖЗҚ хабарлама келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде сұралған мәліметтерді электрондық форматта ұсынады.

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ БЖЗҚ-дан мәліметтерді алған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-дан алынған зейнетақы жинақтарының сомалары туралы мәліметтерді тиісті кезеңге арналған инфляцияның деңгейін ескере отырып, зейнетақы жарналарының (МЗЖ, МКЗЖ) сомасымен салыстырып тексереді.

 

Егер БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының сомасы: - инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген МЗЖ, МКЗЖ сомасынан артық немесе оған тең болғанда – айырма төлемі жүзеге асырылмайды және уәкілетті орган айырма төлемін тағайындаудан бас тарту туралы шешім шығарады; - инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген МЗЖ, МКЗЖ сомасынан төмен болған жағдайда – «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бір жұмыс күні ішінде айырма төлемі сомасын есептейді. Республикалық бюджет есебінен айырма төлемі алушының банк шотына аударылады. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің деректері бойынша (Статистикалық бюллетень, «Секвестрленбейтін республикалық бюджет бағдарламалары») мемлекеттің зейнетақы жарналарының сақталуы бойынша кепілдікті міндеттемелері 2016 жылы – 11 615 млн. теңге, 2017 жылдың қаңтар-наурыз айлары үшін – 2589,0 млн. теңгені құрады.

 

Толық ақпаратты «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 1414 тегін қысқа нөміріне қоңырау шалу арқылы алуға болады.

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді.

Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

 

 

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

 

 

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

2018 жылғы «12» шілде


Зейнетақы төлемдерін «Бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асыру

 

Алматы, Қазақстан – Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға берілетін өтініштерді біріктіріп,  «бір терезе» қағидатына сай   қабылдау  үшін композиттік қызмет енгізу мақсатында 2018 жылдың 2 шілдесінде «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға Мемлекеттік корпорация мен БЖЗҚ арасында зейнетақы төлемдерінің есебін жүргізу, аудару, қайтару мәселелері бойынша ықпалдастықты реттейтін баптарға бірқатар толықтырулар енгізілді.

 

Қазіргі уақытта зейнеткерлік жасқа толған азаматтар мемлекеттік бюджет есебінен еңбек зейнетақысын (1998 ж. 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі бойынша) және базалық зейнетақыны тағайындау үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша Мемлекеттік корпорация бөлімшесіне (халыққа қызмет көрсету орталықтары), ал міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тиісті өтінішпен және құжаттар топтамасымен жүгінетіндігі белгілі. Енді композиттік қызметтер қолданысқа енгізілген соң, аталған тұлғалар «Бір терезе» қағидаты бойынша бірыңғай өтінішті және құжаттар топтамасын тек бір жерге – Халыққа қызмет көрсету орталықтарына тапсырады. Бұл ретте бюджет есебінен төленетін зейнетақы төлемдері және Қордан берілетін зейнетақы жинақтары алушының өтінішінде көрсетілген бір банк шотына бір мезгілде аударылып отырады. Аталған өзгерістер зейнетақы төлемдерін алушылардың мүдделері үшін енгізіліп отыр. Бұл ретте БЖЗҚ-ның басқа қызметтері мен міндеттері, оның ішінде жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу, есептен шығару, аудару жұмыстары және стратегиялық міндеттер сол тұрақты күйінде қалады. Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында аталған қызметтерді жүзеге асыру бойынша дайындық жұмыстары жүзеге асырылды.

 

Қазіргі уақытта БЖЗҚ композиттік қызметті енгізуге дайын. Алайда бұл қызмет Қордан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілген соң барып күшіне енеді. Бұл актілерді ҚР Үкіметі бекітеді. Нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін мемлекеттік бюджеттен және зейнетақы Қорынан зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініштер ұсыну тәртібі өзгеріссіз күйінде қалады. 

 

 

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы.   

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz