Меню KDT
МЕНЮ
logo.png?_=1583829163

НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ №64 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНЕ ҚОШ КЕЛДІҢІЗДЕР! 

МЕКТЕП МИССИЯСЫ-МЕКТЕП МАҚСАТЫ
БҮГІНГІ КҮНМЕН ӨМІР СҮРІП, БОЛАШАҚТЫ ҚАМДАЙМЫЗ

Қымбатты оқушылар, құрметті ата-аналар!

            Бүгінгі күні өміріміз өлшеусіз өзгеруде!Қоғамда туындап отырған жаңа жағдайлар білім алудың да жаңа жолдарға көшуіне қажеттілік тудырып отыр. Қазіргідей әлем елдерін қамтыған індет әр елдегі білім беру саласын қашықтан білім алу жолына көшуге мәжбүрлеуде.   Біздің мектебіміз де 4-тоқсанда сәуірдің 6-сынан бастап, ҚР Білім және ғылым Министрлігінің тиісті нұсқаулықтарын басшылыққа ала отырып, қашықтан оқу жағдайына көшетінін жеткіземіз. Осы жағдайларға сәйкес мектебімізде білімалушылар мен тәрбиеленушілердің, педагогтердің, білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс штабы құрылып жұмыс жасауда. Мектебімізде қашықтан оқуға әр оқушының мүмкіндігі ескеріліп, қажет болған көмектер дер кезінде ұйымдастырылуда.

      Қашықтан оқыту дегеніміз – педагог пен білімалушылардың арасында қашықтан оқыту ресурстарының көмегімен өтетін оқыту формасы. Мектебіміздің оқушылары кең ағынды интернет платформаларда: Bilimland, Kundelik.kz, Daryn Online және басқа да желілерді пайдаланып  білім алады. Оқушыларымыз ұсынылған сабақ кестесіне сәйкес Kundelik.kz арқылы әр күннің тапсырмаларын алады. Тапсырмаларды орындауға және орындалған тапсырмалар жөнінде мұғаліммен  кері байланысқа түсуге қолайлы уақыт ұсынылады. Сондықтан, қашықтан оқуды оқушылардың өзін-өзі шыңдауына, өз бетінше білім алуын реттеуіне, мұғалім мен оқушы  және ата-ана үштік одағының ынтымақтаса жұмыс жасауына берілген мүмкіндік деп қарағанымыз жөн!   
Оған қоса, оқушылар аптасына бес күн еліміздің «Балапан», «Еларна» телеарналарынан арнайы ұсынылған кестелер бойынша өтетін сабақтарды да көре алады. Бұл сабақтар мемлекеттік стандарт талаптарына сай оқу бағдарламалары бойынша құрылған. Оқушыларымыз осы телеарна сабақтары арқылы  өз білімдерін кеңейтіп, түсініктерін тереңдетуге мүмкіндік алады.

        Қымбатты біздің шәкірттеріміз! Қашықтан оқу арқылы сіздердің алдарыңызда мол мүмкіндіктер ашылады деп ойлаймыз. Еліміздің болашақ дәрігерлері мен ғалымдары, заңгерлері мен өнер адамдары  сіздердің араларыңыздан шығады. Сондықтан өздеріңізге берілген осы уақыттарды шығармашылықтарыңызды ұштауға,  өз болашақтарыңызға арнап,  тамаша шығармалар мен әлемдік еңбектерді оқып танысуға, керемет музыкаларды тыңдауға, ғажайып көркемөнер туындыларымен танысуға арнайды деп сенеміз. Өз білімдеріңіз – өз қолдарыңызда!

        Құрметті ата-аналар! Балаларымыздың болшағын бірге жасауда мектеп педагогтерімен бірге болатындарыңызға сенімдіміз. Сіздерден үлкен шыдамдылық пен қажыр-қайрат күтеміз. Ел өмірінде бұдан да қиын сындар болғанын тарихтан білеміз. Бұл кезең біздің балаларымыз бен әр отбасының мектеппен ынтымағының берік екенін көрсететін сын сағат деп ойлаймын және балаларымыздың дер кезінде  білім алып, оқу жылын табысты аяқтауына мүмкіндік жасауға баршаңызды шақырамын! Біз біргеміз!

 

Құрметпен,  №64 мектеп-лицей директоры 

Баймуратова Бану Алимжановна